Росстат Ресейдегі демография статистикасын құпияландырды

Мемлекеттік статистика федералды қызметі Ресейдегі демографиялық ахуал жөніндегі деректерді жариялауды доғарды.

Ресейдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу дейтін шығарылымның осы аптадағы нұсқасында мамыр айына арналған "Демография" бөлімі жоқ. Бұл дерек Росстат сайтынан да табылмады. Сайтта демография деректері соңғы рет наурыз айында жарияланған.

Бұл бөлімде табиғи өсім, елден кеткендер, туу және өлім көрсеткіштері, неке және ажырасу сандары, миграция деректері және жалпы халық саны жарияланатын.

Мамыр айында Ресейде жұмыс істейтін демографтар билік жасырған статистиканы қызметтік мақсатта ғана ала алатыны, ол үшін қол қоятыны хабарланған. Бұл туралы демограф Алексей Ракша мәлімдеген. Росстат демография деректерін жариялауды тоқтатқанына алғаш болып назар аударғандардың бірі осы демограф болатын. Кейін Ресей әділет министрі Ракшаны "шетел агенттері" реестріне қосты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Демограф Ракша: Ресейде туу көрсеткіші 18 ғасырдың соңынан бергі ең төменгі деңгейге түсіп кетті