CNN телеарнасының хабарлауынша, АҚШ-тың Техас штатындағы су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 51 адамға жеткен, арасында 15 бала бар. Тағы ондаған адам хабар-ошарсыз кеткен, бірақ нақты саны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
4 шілдеге қараған түні Техастағы Гуадалупа өзені күшті нөсер жауын салдарынан кенеттен арнасынан асып, жойқын екпінмен төңірекке жайылған. Хабарларға қарағанда, небәрі 45 минутта су деңгейі 8 метрге көтерілген. Із-түзсіз кеткендер арасында – өзен жағасында орналасқан Camp Mystic атты христиандық жазғы лагерьде демалып жатқан 27 қыз бала бар.
Жойқын тасқын бүлдіріп кеткен Camp Mystic лагерінде. Техас штаты, АҚШ, 5 шілде, 2025 жыл.
Жергілікті биліктің мәліметінше, іздестіру-құтқару операциясы барысында 850 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілген.
Тасқын қиратқан ғимарат. Хант, Техас штаты, АҚШ, 5 шілде, 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп зардап шеккендерге федералды көмек көрсетілетін болады деп уәде етті. Техас штатының губернаторы Грег Эбботт төтенше жағдай режимін енгізу туралы жарлыққа қол қойып, құтқару жұмыстарына штат ресурстары "шектеусіз" көлемде тартылатынын мәлімдеді.