Илон Маск жаңадан "Америка партиясы" құрылатынын жариялады

Миллиардер Илон Маск

Миллиардер Илон Маск "Америка партиясы" деп аталатын жаңа саяси ұйым құрылатынын хабарлады. Мұндай шешімді ол Х әлеуметтік желісінде өткізген сауалнама қорытындысы бойынша қабылдаған.

"Тәуелсіздік күні – екі партиялы (кейбіреулер бір партиялы дер еді) жүйеден тәуелсіз болғыңыз келе ме деп өзіңізге сұрақ қоюға ең қолайлы сәт!" – деп жазды Маск 4 шілде күні.

Оның айтуынша, бұл мақсатқа жетудің бір жолы – "Сенаттағы екі-үш орынға және Өкілдер палатасындағы сегіз-тоғыз округке шоғырлану" дұрыс болмақ. "Бұл – даулы заңдардың халықтың шынайы еркіне сай қабылдануын қамтамасыз етуге жеткілікті болар еді", – деп мәлімдеді Маск.

Сауалнамаға қатысқандардың 65 пайыздан астамы жаңа партия құруды қолдаған. Келесі күні миллиардер партия құрылатынын ресми түрде жариялады.

Бұл – Илон Маск пен АҚШ президенті Дональд Трамптың арасына жік түскеннен кейін болып жатқан оқиға. Екеуінің көпшіліктің көзінше айтысуы Маск Үкімет тиімділігі департаменті басшысы қызметінен кеткен соң басталған. Ол Трамп ұсынған бюджет және салық жеңілдіктерін ұзарту туралы заң жобасына ашық наразылық білдірді. Трамп "үлкен әрі тамаша заң" деп атаған ол заңға Маск "сұмдық жиіркенішті" деген баға беріп, бұл құжат АҚШ-тың онсыз да орасан зор мемлекеттік қарызын күрт ұлғайтады деп мәлімдеді.

3 шілде күні АҚШ Конгресі осы заң жобасын мақұлдап, Трамп оған Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік күні қол қойып, заң етіп бекітті.

  • Заңда қорғаныс шығындарын ұлғайту, мигранттарды жаппай депортациялауға қаржы бөлу және жалпы құны 4,5 триллион доллар болатын салық жеңілдіктерін ұзарту көзделген. Сонымен қатар, әлеуметтік бағдарламалар – оның ішінде федералды азық-түлік көмегі мен аз қамтылған азаматтарға арналған Medicaid мемлекеттік медициналық сақтандыру бағдарламасы күрт қысқарады. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, 12 миллионға дейін америкалық азамат медициналық сақтандырудан айырылуы мүмкін.
  • Шығындарды қаржыландыру жасыл энергетика мен электрлі көліктерге арналған субсидияларды жою арқылы ішінара қамтамасыз етілмек. Бұл шешім Трамп пен Маск арасында ашық дау туғызды. Маск бұл әрекетті "болашаққа балта шабу" деп атап, Ақ үйді әлеуметтік желілерде қатты сынға алды.