Ресейде жыл сайын инвестиция және бизнес форумы бар. Кремль қаржыландыратын бұл жиында алдағы жетістіктер болжанып, уәделер төгілетін. Бірақ биылғы форумда елдің экономика министрі ес жиғызар сөз айтты.
"Сандарға қарағанда, иә біз қазір тежелуге тап болып отырмыз" деді Максим Решетников деді Санкт-Петербургтегі Халықаралық экономикалық форумда. "Бизнестегі қазіргі көңіл-күйге қарасақ, біз қазір рецессияға өтер алдында тұрмыз".
Ресей Орталық банкінің жетекшісі бұл алаңды қуаттай сөйледі.
"Кейінгі екі жылда тегін жұмыс ресурстарына сүйене отырып үлкен қарқынмен өстік" деді Эльвира Набиуллина 19 маусым күні дәл осы панельдік талқыда. "Бірақ бұл ресурстардың едәуір бөлігі сарқылғанын түсінуіміз қажет. Өсудің жаңа моделі жайлы ойлауымыз керек".
Ресей Орталық банкінің басшысы Эльвира Набиуллина
Ресейдегі ірі мемлекеттік банк – Сбербанктің басшысы Герман Греф те үнсіз қалмады.
"Көптеген мәселеге тап болдық және ол мәселелерді сәтті дауыл деп атауға болады" деді ол форум аясында.
Ресей Украина үлкен күшпен басып кіріп, соғыс бастағалы 40 айдан асты. Осы уақыт аралығында санкция астында қалған Ресей экономикасы Батыс сарапшыларының болжамын жоққа шығарып, соғыс тәртібіне көшті де, үлкен қарқынмен өсіп отырды.
Кремль экономиканы соғысқа қарай бағыттап, қару-жарақ, танк, дрон және әскери киім шығаруда ақшаны аямады. Билік қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлеріне мол жалақы беріп, Украинадағы соғысқа көбірек адам тарту үшін сарбаздарға бұрын-соңды болмаған үлкен төлемдер тағайындады.
Бұл шаралар ең әуелі Ресейдің кедей аймақтарындағы жергілікті экономикаға әсер етіп, сол аймақтарда соғысқа деген қолдауды күшейтті.
Your browser doesn’t support HTML5
Украина Ресей басып алған аймақтарға шабуылды күшейтті. Соғыс жаңалықтары
Бірақ жоғарғы жалақы инфляцияны үдетіп, оны ауыздықтау үшін қазан айында Набиуллина пайыздық мөлшерлемені 21 пайызға дейін көтерді. Өнеркәсіп саласы бұған қарсы шыққанымен, Орталық банк басшысы өз ұстанымына берік болып, экономиканы баяулату арқылы инфляцияны тежемек болды.
Набиуллинаның ойлағаны іске асып жатыр: Ресей экономикасы соғыс басталғалы алғаш рет елеулі түрде бәсеңдеді.
"Меніңше, көптеген индикаторлар өсімнің тоқтағанын немесе соған ұқсас межені көрсетіп отыр" деді Финляндия банкіне қарасты Өтпелі экономикалар институтының зерттеу бөлімін басқаратын Иикка Корхонен. "Өндіріс әлі де ұлғайып жатыр, бірақ көптеген өзге салада өсім жоқ".
"Ресей экономикасы екі жылы бойы қызып, қалыпты өсу қарқынынан әлдеқайда жоғары жылдамдықпен дамыды" дейді Вашингтондағы Еуропалық саяси талдау орталығының экономика жөніндегі сарапшысы Александр Коляндр. "Қазір болып жатқан нәрсе – экономиканың өз орнын тауып, қалыпты жағдайға оралуы. Әзірге бұл – ұзақмерзімді өсу қарқынына қайтып келу ретінде қарастырылатын түзету кезеңі".
"Қазір үкімет үшін басты міндет – бұл жағдайды толық күйреуге емес, қатерсіз баяулауға айналдыру», – дейді ол.
ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?
Үкімет деректеріне қарағанда, Ресейдің жалпыұлттық ішкі өнімі жылдың алғашқы үш айында 2024 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 1,4 пайызға өскен. Алайда 2024 жылдың кейінгі алты айында экономика қарқындап өскен. Орташа өсім 4,4 пайыз болды.
Ресми болжамдарға қарағанда, 2025 жылы ЖІӨ шамамен 2 пайызға ұлғаймақ. Халықаралық валюта қоры өсім 1,5 пайыз шамасында болады деп отыр.
Жұмыссыздық деңгейі өте қатты төмендеп, 2,3 пайыз болды. Бұл еңбек нарығының қаншалық бұрмаланып отырғанын көрсетеді. Себебі ер адамдар қалыпты жұмыстардан бас тартып, Украинадағы соғысқа аттанып жатыр.
2025 жылдың алғашқы жартысында инфляция 10 пайыздан асып, Набиуллина "экономиканың қызып кеткенін" бірнеше мәрте ескертті. Бірақ маусымның басында ол пайыздық мөлшерлемені 20 пайызға дейін төмендетті. Сарапшылар мұны болмашы өзгеріс деп бағалады.
Жоғары пайыздық мөлшерлеменің әсерін ресми статистикадан байқауға болады. Мұндай деректі үкіметке қатысы бар зерттеу тобы – Макроэкономикалық талдау және қысқамерзімді болжау орталығы ұсынып отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еуроодақта Ресейге санкция салатын тетік қалды ма?Кремльдегі кейбір адамдар үшін қатерсіз баялау – соңғы екі қарқынды жылдың орынды түзетуі болар еді. Бірақ бұл қатқыл соққыға айналмай ма деген қауіп бар.
"Мемлекет экономиканы үнемі қаржыландырып отырғанына қарамастан, негізгі мөлшерлемені өте жоғары деңгейде ұстай отырып, олар экономиканың баяулауына қол жеткізе алды" деді Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының Ресей бағдарламасы бойынша ғылыми қызметкері Мария Снеговая.
"Егер экономика шынымен құлдырап жатса, бұл жағдайдың Кремль үшін қаншалықты ұзаққа созылатыны белгісіз. Олар да ондай сценарийді қаламайды", деді ол 17 маусымда өткен онлайн талқылау барысында. "Жалпы алғанда, Ресейдің макроэкономикалық командасы бұл жағдайға едәуір алаңдап отырғандай".
Мұның саясат үшін қандай әсері болатынын болжау қиын.
Осыған дейін президент Владимир Путин Набиуллина мен қаржы-экономика саласындағы өзге шенеуніктерге экономиканы басқаруға ерік беріп келген.
Санкт-Петербургтегі форумнан бір күн өткенде Путин бұл мәселеге өзі араласып, бизнес форумда сөз сөйледі:
"Кей мамандар, сарапшылар стагнация, тіпті рецессия қаупі барын айтып отыр. Әрине, бұған ешқалай жол беруге болмайды" деді ол. "Биылғы ең басты міндетіміз – экономиканың теңгерімді өсіміне көшу".
Владимир Путин Санкт-Петербургтегі Халықаралық экономикалық форумның пленарлық сессиясында қол соғып отыр. 20 маусым 2025 жыл.
Экономиканың өзге салалары санкцияға тап болғандықтан, Кремль қазынасы мұнай мен газға бұрынғыдан да қатты тәуелді бола түсті. Ал жыл басынан бері мұнай бағасы төмендеп кетті. Сөйтіп қаржы министрі 2025 жылға арналған болжамында мұнайға қатысты табысты азайтып көрсетті.
"Егер мұнай бағасы төмендемесе немесе санкциялық қысым күшеймесе, болмаса азаматтық салада өндірістің жалпы көлемі азайып кетпесе, баялау қатерсіз өтеді деп ойлаймын" дейді Еуропалық саяси талдау орталығының экономика жөніндегі сарапшысы Александр Коляндр.
Теңгерімді немесе баяу өсім экономиканың барлық саласына әсер етіп, жалақы өсімін тежейді. Бұл, сондай-ақ, ресейліктер мол табысқа үйреніп қалған кезде, отбасылық бюджетті қысқартады. Ал бұл өз кезегінде наразылықты күшейтуі мүмкін.
"Независимая газета" басылымының жазуынша, қызметкерлеріне жалақы төлеуде қиындыққа тап болған компаниялар мен зауыттардың саны артып келеді. Сондай-ақ көптеген аймақта әскерге сарбаз тартуға арналған төлемдер қысқарып жатыр. Бұл өз кезегінде жергілікті деңгейдегі экономикалық ахуалдың қаншалық қиындағанын көрсетеді.
Бірақ Путин соғыс қарқынын азайтар емес. Оған соғыс кезінде қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны 1 млн адамға жуықтағаны да тоқтау болмай тұр. Өкімет 2025 жылы қорғаныс және қауіпсіздік саласына 13,1 трлн рубль (144 млрд доллар) жаратпақ. Бұл дегеніңіз – ЖІӨ-нің 6,3 пайызы, совет дәуірінен бергі ең жоғарғы көрсеткіш.
"Өкінішке қарай, экономикалық факторлар бұл соғысты тоқтата алмайды. Ресей қару-жарақты осы қарқынмен әлі ұзақ шығара алады" дейді Иикка Корхонен. "Ресейдің соғыстағы қарқынын бәсеңдете алатын жалғыз экономикалық фактор – мұнай бағасы".